Дропперлік үшін қылмыстық жауапкершілік

2025 жылғы шілдеде Қазақстан Республикасының «Қылмыстық заңнаманы оңтайландыру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданды. Осы заңмен «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» ҚР Заңына және ҚР Қылмыстық кодексіне түзетулер енгізіліп, «дропперлік» схемаларға қатысқаны үшін жауапкершілік белгіленді. Өзгертулер 2025 жылдың күзіне қарай күшіне енеді.

Заң бойынша тыйым салынады:
• банк шотына, төлем картасына, электронды әмиянға немесе сәйкестендіру құралына қолжетімділікті басқа адамдарға беру
• бөтен шоттарды, карталарды немесе сәйкестендіру құралдарын пайдаланып төлемдер мен аударымдар жасау
• үшінші тұлғалардың мүддесі үшін немесе олардың пайдасына сыйақы не өзге де мүліктік игілік үшін төлемдер мен аударымдар орындау

Ерекшеліктер тек жұбайына, жақын туыстарына немесе заңнамада тікелей көзделген жағдайларға қатысты қолданылады.

Осы талаптарды бұзу айыппұл салуға, бостандығын шектеуге немесе бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға, сондай-ақ мүлкін тәркілеуге әкеп соғуы мүмкін.

Егер адам бөтен шотқа, картаға немесе басқа төлем құралына заңсыз қол жеткізіп, рұқсат етілмеген операциялар жүргізсе, жаза қатаңдайды: үш жылдан жеті жылға дейін бостандығын шектеу немесе айыру, мүлкін тәркілеумен.

Біз клиенттерімізді абай болуға шақырамыз. Карталарды, шоттарды немесе оларға онлайн-қолжетімділікті беру сияқты «қосымша табыс» ұсыныстарына келіспеңіздер. Бұл енді тек қаржылық шығын тәуекелі емес, заңды тікелей бұзу болады және қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.

Егер сұрақтарыңыз болса, қолдау қызметіне хабарласыңыз.